Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының 31.12.2021жылғы № 253 бұйрығымен қалалық балалар клиникалық ауруханасында 20 төсек орындық онкогематология және нефрология бөлімшесі ашылды. Жыл сайын емделуші балалардың саны артуына байланысты 2023 жылдан бастап 25 төсек орынға артты. Балалар ауруханасында жылына 19 331 бала емделген болса, оның ішінде 765 бала онкогематология бөлімшесінде стационарлық ем қабылдап, 69 балаға ота жасалынды. Негізгі емнің түрі: химиотерапиялық ем, консервативті ем, диагностикалық шаралар, оперативті ем түрлері жасалады. Ем қабылдау үшін науқастар Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан келеді. Тиімді ем шарамен қатар психологиялық тұрғыдағы көмекте науқастар үшін үлкен демеу. Өкінішке қарай елімізде қатерлі ісікке шалдыққан жас балалардың саны азаймай тұр. Жылына 50-ге жуық баладан қатерлі ісік анықталады, — дейді онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар онколог дәрігері Жеңіс Сарсенов.
Айта кетейік, кішкентай пациенттер үшін қалалық балалар ауруханасы ішінен 2022 жылдың желтоқсан айында «SMART мектебі» ашылған болатын. 2023жылы мұнда 83 бала білімін жетілдірген.
Балалар ауруханасының бас дәрігері Динара Ақәділқызы мен “Help Today” қоғамдық қорының жетекшісі Эля Алиева аурухана ішінен ашылған мектептегі балалардың жағдайын үнемі бақылауға алып отырады.
Ауруханадағы оқу орталығында кішкентай пациенттер: бейнелеу өнері, жеңіл құрылыс және робототехника, ағылшын тілі, қол өнер, шахмат, дойбы сияқты сыныптан тыс үйірме сабақтарға қатысады. Бұл мектепте балалар интерактивті тақта мен планшеттер арқылы сабақ өтуде. Балалардың жан-жақты дамуы үшін мұнда барлық қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер қарастырылған.