Медициналық көмекті қаржыландыру және МӘМС жүйесін жетілдіру жоспарлары туралы
Қазір МӘМС қаражаты есебінен адамдар бұрын тек ақылы түрде қолжетімді болған медициналық қызметтерді ала алады.
2022 жылдың 7 айында Медициналық сақтандыру қоры салалық мамандардың 95 млн кеңесі мен диагностикалық тексерулер, соның ішінде қымбат тексерулер – КТ, МРТ, ПЭТ, 12,6 мың қымбат тұратын операциялар, оның ішінде шамамен 4 мың ЭКҰ қызметі, деп атап өтті ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Айдын Ашуев.
Саланы одан әрі дамыту үшін Мемлекет Басшысының тапсырмаларын ескере отырып, медициналық көмекті қаржыландырудың жаңа тәсілдері ұсынылады.
Брифингте ӘМСҚ басшысы атап өткендей, медициналық сақтандыру жүйесі медициналық көмекке мемлекеттік және жеке шығындардың жеткіліксіздігіне байланысты денсаулық сақтау саласының қаржылық тәуекелдерін жою үшін енгізілді.
«МӘМС жүйесін енгізу арқылы келесі мақсаттар көзделген: медициналық қызметтерді қаржыландыру көлемін арттыру, халықтың қалта шығындарын азайту, халыққа медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру, медициналық ұйымдар арасында бәсекелестікті арттыру, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесін кеңейту. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген 2 жарым жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді», – деп атап өтті А. Ашуев.
Оның айтуынша, МӘМС жүйесін енгізгелі жетілдіруге ақша жетпеген медициналық көмек түрлері қосымша қаржыландырылды. Қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың саны артты, олардың көбі (52%) – жеке клиникалар.
Ұзақ уақыттан бері алғаш рет медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын жоспарлы түрде арттыру жүргізіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Нәтижесінде, дәрігерлердің орташа жалақысы 189 мың теңгеден 415 мыңға дейін, ал орта медициналық персоналдың жалақысы 120 мыңнан 230 мың теңгеге дейін өсті.
Халықты МӘМС жүйесімен қамту мәселесі өзекті болып табылады. Айдын Ашуевтің айтуынша, халықты МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі ведомствоаралық жұмыстың маңыздылығы зор. Ол жергілікті атқарушы органдармен, Мемлекеттік аумақтық бөлімшелерімен және Ішкі істер министрлігімен, медициналық ұйымдармен бірлесіп өткізілуі керек.
Қор барлық коммуникация арналары бойынша халықпен кері байланысқа ерекше көңіл бөледі.
«Жеті айда Бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталыққа 460 мың өтініш келіп түсті. Өтініштердің 93%-ы – кеңес беру сипатындағы мәселелер», – деп атап өтті Айдын Ашуев.
«Өтініштердің құрылымы медициналық көмектің сапасына және денсаулық сақтаудың басқа да мәселелеріне қанағаттанбаудың барлық жағдайлары бойынша азаматтар шұғыл шаралар қабылдау үшін біздің қорға шағым жолдайтынын көрсетеді. Бізге 7 айдың ішінде 13 мыңнан астам шағым түсті (өтініштердің жалпы санының 3%)», – деп спикер мәліметтермен бөлісті.
Оның айтуынша, ең жиі кездесетіні – медицина қызметкерлеріне емхана деңгейінде медициналық көмек көрсетпеу туралы шағымдар. Медицина қызметкерінің емхана деңгейінде медициналық көмек көрсетпеуі – 26%, сапасыз медициналық көмек көрсету – 23%, КДҚ (Оның ішінде профильдік дәрігерлердің кеңесі, КТ, МРТ және т.б.) ұзақ уақыт күту – 8,4%. Егжей-тегжейлі қарауды талап ететін шағымдар бойынша Қор мамандары экономикалық ықпал ету шараларын қолдана отырып, жоспардан тыс мониторинг жүргізуге шешім қабылдайды.
Ұйымдарға көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қор медициналық ұйымдарға қатысты 11,8 млрд теңге сомасына 882,6 мыңнан астам кемшілікті анықтады.
Қор басшысы МӘМС жүйесі жұмыстарын жетілдіру бойынша жоспарларын айтты. Қор жүйенің басқа қатысушыларымен – уәкілетті орган Денсаулық сақтау министрлігімен, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақтау басқармаларымен және тікелей медициналық ұйымдармен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесіндегі проблемаларды шешудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдерін әзірлеуде.
Айдын Ашуев атап өткендей, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қор деперсонализацияланған айқаспалы және толассыз мониторинг жүргізуді көздейтін ақпараттық жүйені әзірледі және сынақтан өткізуде.
«Бұл, алдымен, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Екіншіден, сарапшыға медициналық көмек алатын пациенттің бағытын көруге мүмкіндік береді (учаскелік дәрігердің қабылдауынан бастап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және оңалтуға дейін)», – деп Қор басшысы әзірленген ақпараттық жүйенің маңыздылығын түсіндірді.
Сондай-ақ, Айдын Ашуев Қордың медициналық қызметті алу фактісін растау үшін жеке верификация тетігін енгізуге ниетті екенін айтып берді.
Ары қарай оны медициналық көмектің сапасын бағалау үшін де қолдануға болады. Осылайша, адамдар қандай қызметтерді алғандарын және қандай мөлшерде алғанын көретін болады, ал Қор көрсетілген медициналық қызметтер үшін ақы төлеу кезінде осыны ескеретін болады.
Сондай-ақ, Қор басшысы пациенттерді қолдау қызметтерінің жұмысы бойынша сұрақтарды атап өтті. Медициналық ұйымдармен бірге олардың тиімділігін арттырудың жүйелі тәсілдері пысықталуда.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС үйлестіру департаментінің директоры Гүлжан Шайхыбекова өз кезегінде Мемлекет басшысының саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында бірқатар іс-шара іске асырылатынын атап өтті.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне арналған шығыстарды және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін мемлекеттің МӘМС жарналарын қосымша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет. Сондай-ақ қаражатты әкімшілендіруді оңайлату үшін және оларды тиімді пайдалану мақсатында ТМККК және МӘМС пакеттерінің қаржы ағындарын біріктіруді заңнамалық реттеу керек», – деп атап өтті ол.
Анықтама:
Медициналық сақтандыру енгізілмес бұрын, жыл сайын саланы қаржыландырудың жинақталған тапшылығы 362 млрд теңгеден астам көлемде бағаланды. Ұлттық денсаулық сақтау шоттарының деректеріне сәйкес, 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы халықтың қалта шығындарының 6,5 %-ға төмендегені байқалады (34 %-дан 27,5%-ға дейін).
Мемлекет басшысының тапсырмасымен сақтандырылмаған халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту үшін 2022 жылғы 5 қыркүйектен бастап МӘМС туралы Заңға 12 ай бұрын МӘМС жарналарын төлеу және өткен айлардағы берешектерді жою арқылы дербес төлеушілер жүйесіне кірудің балама тетігін ұсынатын түзетулер күшіне енді.
Статистика көрсетіп отырғандай, өз құқықтарын қорғау үшін Қорға жиі шағым түсіретіндер қатарында Алматы қаласы (2,8 мың өтініш), Нұр-Сұлтан қаласы (2,3 мың), Қарағанды облысы (1 мыңдай өтініш), Шығыс Қазақстан және Алматы (900-ден) облыстарының тұрғындары. Солтүстік Қазақстан (220), Атырау (224) және Қызылорда (300-дей) облыстарының тұрғындары сирек жүгінеді.
Call-орталықта азаматтардың өтініштерін өңдеудің үш деңгейлі моделі қарастырылған СRМ (Customer Relationship Management – клиенттермен қарым-қатынасты басқару жүйесі) жүйесі жұмыс істейді. Бірінші, яғни консультациялық деңгейде өтініштердің 90%-дан астамы жабылады. Екінші деңгейде медициналық ұйымдардың өздері шешуді талап ететін шағымдар қарастырылады. Үшінші деңгейде өтініш беру себептеріне талдау және медициналық ұйымдары берген жауаптарының сапасына бақылау жүргізіледі.
Жоспардан тыс мониторинг аясында 2022 жылдың 6 айында елімізде 28 млн теңгеге 928 кемшілік анықталды. Медициналық ұйымдар тарапынан Шарт талаптарын бұзғаны үшін 61 жағдайда тұрақсыздық айыбы қолданылды, қайтару сомасы 25,1 млн теңгені құрады. Шағымдардың қорытындылары бойынша тексерулердің бұл түрі нақты пациенттің құқықтарын қорғауға ғана емес, сондай-ақ жүйелік бұзушылықтардың алдын алуға да мүмкіндік береді.